«Қазақ аруы емес, Баян аруы»: Қуат Хамитов байқауды сынға алды
Байқау қорытындысы жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде жеңімпазды таңдау мен ұйымдастыруға қатысты түрлі пікір айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, спортшы Қуат Хамитов продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған «Қазақ аруы» ұлттық сұлулық байқауының қорытындысына қатысты пікір білдірді. Ол жобаның атауын өзгертуді ұсынып, «Қазақ» сөзінің бүкіл ұлтқа ортақ ұғым екенін алға тартты.
Байқау жеңімпазы жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде шараның видеолары таралып, көрермендер арасында қызу талқылау басталды. Желі қолданушыларының назарын қатысушылардың бірі Баян Алагөзованы бұрынғы тегі – Есентаева деп атаған сәт те аударды. Сонымен қатар байқау нәтижесіне көңілі толмағандар да болды.
Осы пікірталасқа Қуат Хамитов та қосылды. Спортшы байқаудың атауын «Баян аруы» деп өзгертуді ұсынып, «Қазақ» сөзінің ауқымы бір адамның немесе жеке жобаның шеңберінен әлдеқайда кең екенін жазды.
«Бұл байқаудың атауын «Қазақ аруы» емес, «Баян аруы» деп өзгерту керек!
«Қазақ» деген кезде, бұл сөз бәрімізге, тұтас ұлтқа қатысты болады!
Ал біздің ұлтымызда сұлу да, лайықты да қыздар жеткілікті. Назар аудартуға мұқтаж жандар ғана емес!
Олардың ол жаққа не үшін баратынын бәріміз білеміз!» – деп жазды ол.
Биылғы «Қазақ аруы» байқауының тәжін Алматы қаласынан келген 20 жастағы Асылым Өтепберген иеленді.
Материал авторы