1670

Жол апатынан жараланған полиция капитаны ауруханада көз жұмды

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, JAC автокөлігінің жүргізушісі қамалды.

Жол апатынан жараланған полиция капитаны ауруханада көз жұмды
Ақмола облыстық ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатына ұшыраған полиция капитаны Данияр Таев ауруханада қайтыс болды. Ол 4 қарашада медициналық мекемеде көз жұмған. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаменті жазды.

Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 3 қарашада Астана – Петропавл тасжолында болған. Сол уақытта патрульдік полиция қызметкері жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техниканы алып жүріп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, JAC автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимін сақтамай, қауіпсіз арақашықтықты бұзған. Соның салдарынан ол полицияның қызметтік көлігімен соқтығысқан.

Апат кезінде полиция капитаны ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. JAC жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы да марқұмның ауруханаға түскен кездегі жағдайы аса ауыр болғанын хабарлады. Дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық шараларды жүргізгенімен, алған жарақаттары өмірімен үйлеспеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор