Оралда үш жасөспірім жүріп бара жатқан автобусқа сыртынан мінгесіп алған
Балалардың қауіпті ермегі үшін ата-аналары жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал қаласында жүріп бара жатқан автобусқа жабысып, артқы бөлігіне жармасқан үш жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқушылардың қауіпті әрекеті бейнекамераға түсіп қалған.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, оқиға 3 қарашада шамамен сағат 18:30-да Оралдағы Абай даңғылында болған. №22 бағыттағы автобус қозғалыс кезінде үш жасөспірім оның артқы жағына жасырын түрде жабысып алған. Олар аяқтарын көлік құрылымының бөліктеріне тіреп, қолдарымен автобустан ұстап тұрған.
Полиция өкілдері мұндай әрекеттің адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Абырой болғанда, жасөспірімдер зардап шеккен жоқ.
Оқиға туралы ақпарат түскен бойда полиция қызметкерлері тиісті шараларды қолға алып, бейнежазбаны осы аумақтағы мектептерге бекітілген инспекторларға жолдаған.
Тексеру барысында видеодағы балалардың қала мектептерінің бірінде оқитын 8–9-сынып оқушылары екені анықталды.
Осыдан кейін полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын оқу орнына шақырған. Оларға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мектеп оқушыларына мұндай қауіпті әрекеттің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екені түсіндіріліп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Аталған дерек бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналары қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Материал авторы