Баян Алагөзова Меруерт Өтекешеваның құрметіне ерекше кеш ұйымдастырды
Продюсер Меруерт Өтекешеваны қазақ қызының мәңгілік символы деп атап, оған арналған кеште ерекше тосынсый жасағанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешеваның құрметіне арнайы кеш өткізді. Ол актрисаны қазақ қызының мәңгілік символы деп атап, оған деген ерекше ықыласын білдірді.
Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында кештен түсірілген суреттерді жариялап, актрисаға арналған жылы лебізін бөлісті.
«Бұл ұмытылмас кеш болды. Барлығы аңызға айналған осы әйелге – Қыз Жібекке арналды! Оның орнын басатын ешкім болған емес және болмайды да. Ең бастысы, Меруерттің өзі кештен ерекше әсер алды. Біз оған нағыз тосынсый жасап, мереке сыйладық. Мен үшін Жібек – мәңгілік қазақ аруы! Ол – сұлу, өр мінезді, батыл, өз таңдауын өзі жасап, шешім қабылдап, әрекет ете алатын қыз», – деп жазды продюсер.
Жарияланған фотосуреттерде Баян Алагөзова мен Меруерт Өтекешева ұлттық нақыштағы киімдермен, соның ішінде «Қыз Жібек» фильмінің тарихымен байланысты қамзол киіп түскен.
Продюсер бұл оқиғаның енді «сиқырлы жалғасы» бар екенін де атап өтті.
Айта кетейік, Баян Алагөзова қамзолды қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесін 2026 жылдың маусымында көпшілікке көрсеткен болатын. Ауқымды жұмыс нәтижесінде жаңғыртылған киімнің дизайны мен қайта жасалуына қатысты қоғамда түрлі пікір туындаған еді.
Бұған дейін продюсер Меруерт Өтекешеваға пәтер сыйлауға берген уәдесін орындаған болатын. Бұл оның актрисаға жасаған алғашқы тартуы емес. Алагөзова бұған дейін оған тон, алтын мен гауһар тастан арнайы жасалған сырға және қамзол сыйлаған.
Материал авторы