1251

Шымкенттегі жаппай төбелес адам өлімімен аяқталды: 6 адам 20 жылдан астам уақытқа сотталды

Қаңтар айында екі көлік соқтығысқаннан кейін басталған жанжал 40 жастағы ер адамның өлімімен аяқталған.

Шымкенттегі жаппай төбелес адам өлімімен аяқталды: 6 адам 20 жылдан астам уақытқа сотталды
Оtyrar.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін болған жаппай төбелес пен Василий Колесниковтың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот алты айыпталушыны кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Адвокат Талғат Есімов сот шешімінің егжей-тегжейін жариялады. Оның мәліметінше, сотталушыларға мынадай жаза кесілген:

  • Арысбаев – 23 жылға бас бостандығынан айырылды;

  • Инкарбеков пен Қызбалаев – әрқайсысы 22 жылға сотталды;

  • Еримбет – 21 жылға бас бостандығынан айырылды;

  • Қуандиков – 20 жыл 6 айға сотталды;

  • Жұманазар – 20 жылға колонияға жіберіледі.

Алайда іс бойынша тергеу мен сот процесі толық аяқталған жоқ. Заңгердің айтуынша, тағы екі фигурантқа – М. Дауласов пен қылмыстық ортада «Баха» лақап атымен танылған адамға қатысты материалдар жеке өндіріске бөлінген. Қазір олар халықаралық іздеуде жүр.

Еске салайық, оқиға биыл 20 қаңтарда Шымкенттегі Еримбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Екі көлік соқтығысқаннан кейін жүргізушілер мен өзге адамдар арасында жаппай төбелес басталған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға үшінші көлікпен келген адамдар да араласқан.

Қақтығыс кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілгенімен, 40 жастағы Василий Колесников алған жарақаттарынан көз жұмды. Осы оқиғадан кейін полиция адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор