1051

Тұман, үсік және екпінді жел: синоптиктер 5 қарашаға болжам жасады

Синоптиктер елдің барлық облысында қолайсыз ауа райын болжап, тұрғындарды тұман, көктайғақ пен қатты желден сақ болуға шақырды.

Тұман, үсік және екпінді жел: синоптиктер 5 қарашаға болжам жасады
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 5 қарашада Қазақстанның барлық өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер жаңбыр, тұман, көктайғақ, екпінді жел және түнгі үсік болатынын ескертті. Кейбір облыстарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Ақмола облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз өңірдің батысы мен солтүстігінде оңтүстік және оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ Петропавлда түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз өңірдің батысы мен оңтүстігінде оңтүстік жел күшейіп, екпіні секундына 15–20 метр болады.

Қостанай облысының шығысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз батысы мен солтүстігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін барады. Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Павлодар облысының батысында, оңтүстігі мен орталығында тұман болады. Павлодар қаласында да тұман күтіледі.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Қарағанды қаласында да осындай ауа райы болжанып отыр. Облыстың батысында өрт қаупі жоғары.

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысы мен орталығында түнде және таңертең тұман болады. Ал батысы мен орталығында өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады. Жезқазғанда да тұман түсіп, өрт қаупі жоғары деңгейде болады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Абай облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында және таулы аймақтарында солтүстік-шығыстан соққан жел батыс бағытқа ауысады. Оның екпіні секундына 15–20 метрге жетуі мүмкін. Түнде облыстың солтүстігінде ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Өңірдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары. Алматыда да өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.

Қонаев қаласында солтүстік-шығыс желі батыс бағытқа ауысып, кей уақытта секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Іле Алатауының Медеу және Бостандық аудандарына қарасты таулы аймақтарында да жел екпіні осындай деңгейге жетуі ықтимал.

Жетісу облысының орталығы мен таулы аудандарында кей уақытта тұман түседі. Алакөл көлдері маңында күндіз оңтүстік-батыс желі күшейіп, екпіні секундына 15–20 метр болады. Өңірде өрт қаупі жоғары, ал шығысында төтенше деңгейде сақталады. Талдықорғанда да тұман түсіп, өрт қаупі жоғары болады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде қатты жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі, батысы мен шығысында, сондай-ақ Таразда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Түркістан облысының таулы аймақтарында түнде кей уақытта қатты жаңбыр мен қар жауады. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда түнде және таңертең тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соққан жел таулы жерлерде секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігінде, батысында, орталығында және таулы аймақтарында өрт қаупі жоғары. Шымкент пен Түркістан қалаларында да өрт қаупі сақталады. Шымкентте түнде және таңертең тұман болады.

Қызылорда облысының солтүстігінде түнде 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Өңірде өрт қаупі төтенше деңгейде, ал солтүстігінде жоғары деңгейде сақталады. Қызылорда қаласында да төтенше өрт қаупі бар.

Ақтөбе облысында 5 қараша күні күндіз батыста қатты жаңбыр жауады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыстан соққан жел күндіз облыстың солтүстігі, батысы мен орталығында секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін күшейеді.

6 қарашаға қараған түні жаңбыр мен қар жауып, солтүстік пен шығыста жауын-шашын күшейеді. Көктайғақ болуы мүмкін. Күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында жаңбыр аралас қар жауып, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Сол күні батыс, солтүстік және орталық аудандарда желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Өңірдің шығысында, батысында, оңтүстігі мен орталығында өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.

Ақтөбе қаласында 5 қараша күні күндіз желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23 метрге дейін барады. Ал 6 қарашаға қараған түні жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Атырау облысының солтүстігі мен шығысында күндіз кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Батысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік, оңтүстік және шығыс аудандарда оңтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы секундына 15–20 метрге, күндіз 23–28 метрге дейін жетеді. Өңірде өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады. Атырау қаласында да жел күшейіп, өрт қаупі жоғары болады.

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігі мен орталығында кей уақытта қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз солтүстік-шығысында шаңды дауыл болуы мүмкін. Оңтүстіктен соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін күшейеді. Облыста өрт қаупі жоғары, ал орталығында төтенше деңгейде сақталады.

Ақтауда кей уақытта қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде тұман түсуі мүмкін. Күндіз жел бағытын өзгертіп, екпіні секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін жетеді. Қалада өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде түнде, ал солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында күндіз қатты жаңбыр жауады. Батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік желі солтүстік-батысқа ауысып, түнде батысы мен солтүстігінде, күндіз өңірдің басқа бөліктерінде секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Батысы мен солтүстігінде жел екпіні 23–28 метрге жетуі ықтимал. Облыстың солтүстік-батысы, батысы, оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары.

Оралда күндіз кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз оңтүстік желі солтүстік-батысқа ауысып, секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. 

Материал авторы