1064

Ақтөбеде Неке сарайында өлтірілген әйел төрт баланың анасы болған

Марқұмның төрт баласы бар, олардың екеуі қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адаммен ортақ болған.

Ақтөбеде Неке сарайында өлтірілген әйел төрт баланың анасы болған
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде Неке сарайында қаза тапқан 26 жастағы әйелдің артында төрт баласы қалған. Марқұм көпбалалы ана болған. Олардың екеуі күдікті ер адаммен ортақ балалары. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Телеарнаның мәліметінше, әйел шамамен үш жыл бойы күдіктімен бірге тұрған. Полиция қазір қылмыс жасады деген күдікпен оның бұрынғы азаматтық некедегі серігін ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Алдын ала болжам бойынша, жанжал ер адамның ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған. Алайда бұл ақпарат әзірге тергеу барысында тексеріліп жатыр.

Әйелдің қазасынан кейін оның екі кәмелетке толмаған баласы уақытша «Үміт» балалар үйіне орналастырылған. Қалған екі баланың қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Ақтөбе облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, балалар отбасылық жағдайларға байланысты мекемеге уақытша жіберілген. Бұл мәселе облыстық басқарма мен құзырлы органдардың бақылауында.

Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйелдің өлтірілгені белгілі болды. Полиция күдіктіні оқиға орнында ұстаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін құқық қорғау органдары күдіктінің марқұмның бұрынғы бірге тұрған серігі екенін хабарлады. 

Материал авторы