Алматылық әйел полицейдің формасын Хэллоуин костюміне теңегені үшін 130 мың теңге айыппұл төлейді
Полиция қызметкері әйелдің сөзіне сабырмен жауап беріп, қызметтік куәлігін көрсеткеннен кейін жұмысын жалғастырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Арбат жаяу жүргіншілер аймағында қызмет атқарып жүрген учаскелік полиция инспекторына тиісіп, оның формасын Хэллоуин костюміне ұқсатқан 47 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 30 АЕК, яғни шамамен 130 мың теңге айыппұл салды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 31 қазан күні кешке мерекелік іс-шаралар өтіп жатқан Арбат аумағында болған. Сол уақытта учаскелік инспектор қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.
Осы кезде қолына камера ұстаған әйел полицейге жақындап, оның үстіндегі киім Хэллоуинге арналған костюм емес пе деп сұраған. Оқиға бейнежазбаға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде тараған.
Полицияның хабарлауынша, инспектор арандатуға сабырмен жауап берген. Ол өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткеннен кейін жұмысын жалғастырған.
Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнежазбаның авторын анықтады. Ол Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны Әлфия Баталова болып шыққан.
Әйелге қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 130 мың теңгеге тең.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкерге әдейі құрметсіздік таныту заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Материал авторы