Астанада кәсіпкер парашют жеткізуге уәде беріп, 646 млн теңгені иемденген
Кәсіпкер «Қазспецэкспортпен» 874 млн теңгелік келісімшарт жасасып, сақтандыру компаниясын да алдау арқылы 646 млн теңге аванс алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада кәсіпкер мемлекеттік кәсіпорын мен сақтандыру компаниясын алдап, парашют жабдықтарын жеткізуге арналған келісімшарт арқылы 646 млн теңге аванс алған. Алайда тауарды жеткізбей, бюджет қаражатын өз қалауынша жұмсаған. 4 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Сот материалдарына сәйкес, кәсіпкер әскери-техникалық мүлік жеткізу саласында тәжірибесі болғанын пайдаланып, «К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарған. Ол «Қазспецэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен құны 874 млн теңге болатын парашют жабдықтарын жеткізу туралы келісімшарт жасасқан.
Алайда сот анықтағандай, кәсіпкер бастапқыдан-ақ келісімшарт талаптарын орындауды көздемеген әрі қажетті өнімді жеткізуге мүмкіндігі болмаған. Соған қарамастан, алдын ала төлем алу үшін «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясымен де келісім жасаған.
Осылайша, мемлекеттік кәсіпорын мен сақтандыру ұйымының өкілдерін жаңылыстырып, 646 млн теңге көлемінде аванс алған. Бірақ белгіленген мерзімде жабдықтарды жеткізбеген және түскен ақшаны жеке мақсатына жұмсаған.
Кәсіпкердің әрекетінен мемлекетке 646 млн теңге көлемінде материалдық залал келген. Сақтандыру компаниясы да шығынға ұшыраған: келісімшарт талаптарына сәйкес, ол аталған соманы «Қазспецэкспорт» кәсіпорнына өтеп берген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, аудиторлық қорытынды және тауар сараптамасының нәтижелері арқылы дәлелденген. Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды.
Мемлекеттік айыптаушы кәсіпкерді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды және қосымша жаза тағайындауды сұраған. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды өтінген. Жәбірленуші тарап өкілдері оған қатаң жаза беруді талап еткен.
Жаза тағайындау кезінде сотталушының екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
«Қылмыстың мән-жайы мен ауырлығын ескердік. Мемлекет пен сақтандыру компаниясына келтірілген аса ірі залал әлі өтелмеген», – деп түсіндірді сот өкілдері.
Нәтижесінде кәсіпкер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, оған қосымша алты жыл мерзімге жаза тағайындалды.
Іс бойынша азаматтық талап арыздар берілмеген. Себебі өндіріп алынуға тиіс сома азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сот шешімі арқылы белгіленген. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы