751

Рудныйда 19 жастағы жігітті өлтірген екі тұрғын сотталды

200 мың теңге үшін туған жанжал кісі өлімімен аяқталған көрінеді.

Рудныйда 19 жастағы жігітті өлтірген екі тұрғын сотталды
22gallery / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында Рудный қаласының екі тұрғыны 19 жастағы жігітті тұрғын үйдің кіреберісінде өлтіргені үшін сотталды. Қылмыстан кейін олар оқиға орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған. Сот айыпталушылардың бірін 9 жылға, екіншісін 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. 

Қылмыстық іс Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралған.

Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 23 қаңтарға қараған түні Рудный қаласындағы П. Корчагин көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған. Жанжал бұған дейін туындаған кикілжіңнен басталған. Марқұм күдіктілерден 200 мың теңге талап еткен.

Тергеу материалдары бойынша, А. есімді сотталушы жігітті өлтіру мақсатында оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттары өмірімен үйлеспегендіктен, 19 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмған.

Осы уақытта бір қабат төменде болған кәмелетке толмаған Б. қылмыстың жасалғанын біле тұра, құқық қорғау органдарына хабар бермеген. Кейін екі сотталушы да оқиға орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған.

Сот жаза тағайындау кезінде жәбірленушінің қылмысқа түрткі болған құқыққа қайшы әрекетін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген.

Нәтижесінде А. орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кәмелетке толмаған Б.-ға кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл 8 ай жазасын өтеу белгіленді.

Сонымен қатар сот А. есімді сотталушыдан марқұмның әкесі мен ағасының пайдасына моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор