806

Ақтөбеде әйел такси ішінде босанып қалды

Келіншек перзентханаға жетпей, салмағы 3,5 келі болатын ұл баланы дүниеге әкелген.

Ақтөбеде әйел такси ішінде босанып қалды
31 арна

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында 27 жастағы әйел перзентханаға бара жатқан жолда такси ішінде босанып қалды. Салмағы 3,5 келі болатын ұл бала дүниеге келді. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

Бестамақ ауылының тұрғыны Назерке Ғалымованың үшінші сәбиі перзентханаға жетпей, такси салонында дүниеге келген. Босану сәтті өтіп, ана мен баланың жағдайы жақсы.

Назеркенің айтуынша, толғақтың мұншалықты тез аяқталатынын күтпегендіктен, бастапқыда аздап қорыққан. Алайда жаңа туған нәрестенің жылаған дауысын естіген такси жүргізушісі одан да қатты абдырап қалған.

Әйел жүргізушіні сабырға шақырып, өзі жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер бірнеше минут ішінде жетіп, ана мен нәрестені перзентханаға жеткізген.

«Бригада оқиға орнына 6-7 минутта жетті. Әйелді көлік ішінде тексеріп, сол жерде нәрестенің кіндігі кесілді және қажетті дәрі-дәрмек енгізілді. Кейін ана мен баланы жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткіздік. Менің тәжірибемде такси ішінде бала дүниеге келген алғашқы жағдай осы. Ал үйде босану оқиғалары жиірек кездеседі», – деді жедел жәрдем станциясының фельдшері Роман Мергенұлы.

Қазір ана мен нәресте перзентханадан шығарылған. Ата-анасы жаңа туған ұлына есім таңдап жатыр.

Отбасында бұған дейін екі ұл тәрбиеленіп келген. Олар да інісін перзентханадан шығарып алу рәсіміне қатысқан.

Назерке Ғалымова күтпеген жағдайда қолдау көрсеткен такси жүргізушісі мен жедел жәрдем қызметкерлеріне алғысын білдірді.

 

Материал авторы