Мажарстанда бұрынғы министрдің миллиондаған ақшасы орманнан табылды
Орманнан Орбанның министріне тиесілі ақша тәркіленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мажарстанда бұрынғы ұлттық даму министрі Миклош Шештакқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісін тергеу барысында жалпы құны шамамен 17,6 миллион еуро болатын қолма-қол ақша тәркіленді. Ақшаның бір бөлігі орманға көмілсе, қалғаны қоймаларда, шаруашылық ғимараттарында, тұрғын үйлер мен жасырын сейфтерден табылған.
Мажарстанның Ұлттық активтерді қайтару және қорғау басқармасының (NVVH) мәліметінше, 12-13 қараша күндері Будапештте және бірнеше өңірде ауқымды тергеу шаралары жүргізілген. Нәтижесінде құқық қорғау органдары 5 миллиард 71 миллион 632 мың форинт, 2 миллион 658 мың 350 еуро және 1 миллион 257 мың 100 АҚШ долларын тапқан. Ақша Мажарстан мемлекеттік қазынашылығына өткізілген. Оны санауға қазынашылықтың 12 қызметкері бес арнайы құрылғының көмегімен сегіз сағат жұмсаған.
Миклош Шештак Виктор Орбан үкіметінде 2014-2018 жылдары ұлттық даму министрі болған. Қазір ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2015-2018 жылдары Шештак пен Мажарстанның ұлттық активтерді басқару компаниясының бұрынғы басшысы мемлекеттік автобус операторы Volánbusz-пен жасалған келісімдерден заңсыз төлемдер алған болуы мүмкін. Тергеушілердің мәліметінше, олардың көлемі 11 миллиард форинттен асуы ықтимал. Бұрынғы министр қыркүйек айының соңынан бері қамауда отыр.
Алайда табылған ақшаның Шештакқа тиесілі екені әзірге расталған жоқ. Оның адвокаты бұл қаражатты қорғауындағы адамның ақшасы деп ешкім мәлімдемегенін айтып, Шештактың оған қатысы жоқ екенін жеткізген. Бұрынғы министр де өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Бұл іс Виктор Орбанның бұрынғы саяси айналасындағы басқа да тергеулермен қатар жүріп жатыр. Осы аптада бұрынғы премьердің інісі Арон Орбан адам саудасына және адамдарға қысым көрсетуге қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Сондай-ақ Мажарстанның бұрынғы орталық банк төрағасы Дьёрдь Матолчиге қатысты да қаржыға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Сәуірдегі сайлауда жеңіске жеткен Мажарстанның жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр Орбан билігі тұсында қалыптасқан ықтимал заңсыз жүйені әшкерелеуге уәде берген. Ол Шештактың ісі бойынша табылған ақшаны бұрынғы билік кезіндегі сыбайлас жемқорлық жүйесінің болғанына дәлел ретінде бағалады.
«Бүгіннен бастап Виктор Орбанның мафиялық топтың басшысы болғаны дәлелденді. Енді ол – биліктен тайдырылған мафия басшысы», – деп жазды Мадьяр Facebook парақшасында.
Ал Виктор Орбан өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеулер мен тұтқындауларды саяси қысым деп атаған.
Қазір тергеушілер табылған ақшаның қайдан шыққанын және ықтимал заңсыз схемаға басқа кімдердің қатысы барын анықтап жатыр.
Материал авторы