Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Тайландта ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті
Дәрігерге күрделі операция жасалғанымен, қазір ол ес-түссіз күйде жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Михаил Гниненко Тайландтың Пхукет аралында демалысының алғашқы күні ауыр жарақат алды. 79 жастағы дәрігер шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, күрделі нейрохирургиялық операция жасалған. Қазір ол ес-түссіз күйде, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Astana телеарнасының мәліметінше, оқиға 3 қарашада ерлі-зайыптылар Тайландқа барған күні болған. Қонақүйге орналасқаннан кейін Михаил Гниненко жұбайы Валентинамен бірге жақын маңдағы дәмханаға түскі ас ішуге барған. Тамақтан соң ер адам сыртқа әйелінен бірнеше секунд бұрын шыққан.
Жұбайының айтуынша, ол сыртқа шыққанда бетон баспалдақтың жанында жиналған адамдарды көрген. Сол жерден күйеуін баспалдақтың төменгі жағында жатқан күйде тапқан. Баспалдақ алты бетон сатыдан тұрады, ал төменгі жағында жұмсақ жабын болмаған.
Ауыр бас-ми жарақатын алған дәрігердің миына қан құйылған. Оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, күрделі операция жасаған. 13 қарашада 79 жасқа толған Михаил Гниненко туған күнін аурухана палатасында, ес-түссіз күйде өткізген.
Михаил Гниненко – Ақмола өңірінің тумасы. Ол елордадағы дезинфекция қызметін құрып, бұл мекемені 20 жыл басқарған. Сондай-ақ оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілген.
Телеарна дерегінше, медициналық сақтандыру бойынша қарастырылған 10 мың долларлық лимит алғашқы күндердегі жансақтау шаралары мен операция шығындарына толық жұмсалған. Қазір клиника отбасыға 464 мың баттан астам, яғни шамамен 6 миллион теңге көлемінде жаңа есеп ұсынған.
Оқиғаға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, Пхукеттегі ауруханада ем қабылдап жатқан қазақстандықтың туыстарына дипломаттар консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
«Емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта науқасты медициналық көрсетілімдерге байланысты тасымалдау ұсынылмайды. Жақын арада дипломаттар туыстарымен және емдеуші дәрігермен тағы бір рет кездесіп, науқасты Қазақстанға жеткізу мүмкіндігін қайта талқылайды», – деді Жанболат Үсенов.
Материал авторы