486

Әйелімен ұрысып қалған көкшетаулық арақ ішемін деп жазаға ұшырады

52 жастағы тұрғын отбасылық жиында әйелімен жанжалдасқан соң арақ ішкенін полицияға түсіндірген.

Әйелімен ұрысып қалған көкшетаулық арақ ішемін деп жазаға ұшырады
Ақмола ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда отбасылық шара кезінде жұбайымен жанжалдасып қалған 52 жастағы ер адам арақ ішіп, көлік тізгіндеген. Оны түнгі уақытта патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан. Медициналық куәландыру жүргізушінің мас күйде болғанын растады. 

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 16 қарашада түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Көкшетау көшелерінің бірінде Volkswagen Vento автокөлігін тоқтатқан. Рөлде отырған 52 жастағы жергілікті тұрғыннан алкогольдің өткір иісі сезілген.

Тексеру барысында ер адамның мас күйде көлік басқарғаны анықталды. Мұны медициналық куәландыру қорытындысы да растаған.

Жүргізушінің түсіндіруінше, ол отбасылық жиында әйелімен сөзге келіп қалғаннан кейін арақ ішкен.

Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнамаға сәйкес, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Материал авторы