671

Қазақстандық киберспортшы қатарынан үшінші турнирде чемпион атанды

Даниял Голубенко финалдың үш картасында 55 фраг жинап, команданың жеңісіне елеулі үлес қосты.

Қазақстандық киберспортшы қатарынан үшінші турнирде чемпион атанды
instagram / danil.molodoy_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық киберспортшы Даниял «molodoy» Голубенко өнер көрсететін бразилиялық FURIA командасы Counter-Strike 2 ойыны бойынша BLAST Rivals Fall 2026 турнирінің чемпионы атанды. Гонконгта өткен жарыстың финалында команда Team Spirit ұжымын 3:0 есебімен жеңді. Бұл – FURIA-ның қатарынан жеңіп алған үшінші чемпиондық атағы. 

«Спорт Шредингера» мәліметінше, финал үш картада өтті. Алғашқы Ancient картасында FURIA қарсыласының таңдауымен ойнап, 13:11 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін өз таңдауы болған Dust II картасында Team Spirit-ті 13:5 есебімен ойсырата ұтты. Шешуші Mirage картасында да басымдық танытып, кездесуді 13:8 есебімен аяқтады.

Қазақстандық Даниял Голубенко команданың жеңісіне елеулі үлес қосты. Ancient картасында ол 16 қарсыласын ойыннан шығарса, Dust II-де FURIA құрамындағы ең жоғары жеке көрсеткішке қол жеткізіп, 24 фраг жасады. Бұл картада оның раундтағы орташа залал көрсеткіші (ADR) 133,3 болды. Ал Mirage картасында тағы 15 фраг жинады.

Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық ойыншы EVP марапатына ие болды. Бұл атақ жарыста көзге түскен әрі командасына айрықша үлес қосқан ойыншыларға беріледі.

Ал турнирдің ең үздік ойыншысы (MVP) атағы FURIA сапындағы Кайке «KSCERATO» Сератоға бұйырды. Ол жарысты 1,55 рейтингпен аяқтап, финалдың шешуші картасында 20 фраг жасады.

FURIA бұған дейін Thunderpick World Championship 2026 және PGL Masters Bucharest 2026 турнирлерінде де жеңіске жеткен. Осылайша, команда қатарынан үшінші ірі жарыста чемпион атанды.

HLTV және VRS әлемдік рейтингтерінде FURIA екінші орында тұр. Команда құрамында Голубенко мен Сератодан бөлек FalleN, yuurih және YEKINDAR өнер көрсетеді. Ал финалдағы қарсыласы Team Spirit аталған рейтингтерде төртінші орында. Оның құрамында sh1ro, magixx, donk, tN1R және zont1x ойнады. 

Материал авторы