Астанадағы ірі бизнес бюджетке 4,7 млрд теңге төлеуге міндеттелді
Кәсіпорынға тексеру қорытындысы бойынша қосымша 4,7 млрд теңге салық есептелген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы ірі кәсіпкерлік субъектісіне жүргізілген тексеру нәтижесінде қосымша есептелген 4,7 млрд теңге салықты төлеу міндеті жүктелді. Бұған прокуратураның апелляциялық шағымы негіз болды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Бас прокуратураның мәліметінше, елордада ірі бизнес субъектілерінің бірінің қызметіне тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша кәсіпорынға 4,7 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелген.
Алайда компания басшылығы тексеру нәтижесімен келіспей, оны тағайындауды заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Алғашқы сот инстанциясы кәсіпорынның талабын қанағаттандырған.
Бұдан кейін прокуратура сот актісіне апелляциялық өтінішхат енгізді. Іс материалдарын зерделеген қадағалау органы Салық кодексінің 145-бабына сәйкес, уәкілетті органның тиісті шешім негізінде тексеру жүргізуге құқығы болғанын анықтаған.
Апелляциялық алқаның қаулысымен алғашқы сот шешімі күшін жойды. Нәтижесінде мемлекет мүддесі үшін 4,7 млрд теңге көлеміндегі салық түсімін өндіріп алу мүмкіндігі сақталды.
Материал авторы