Тұман, көктайғақ, қатты жел: 16 қарашаға арналған ауа райы болжамы
Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 16 қарашада Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт құбылады. Синоптиктер тұман, көктайғақ, жауын-шашын мен қатты жел болатынын ескертті. Кейбір аймақтарда жаңбыр мен қар аралас жауады.
Астанада түнде жолдарда көктайғақ болып, түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.
Ақмола облысының батысында, солтүстігі мен шығысында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Солтүстік, оңтүстік және шығыс бөліктерінде тұман күтіледі. Батысы мен солтүстігінде оңтүстік және оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Көкшетауда жел екпіні 15 м/с болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал. Солтүстік және шығыс бөліктерінде тұман түседі. Желдің екпіні кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавлда да тұман түсіп, түнде оңтүстік желі соғады.
Қостанай облысының батысында, солтүстігі мен шығысында, негізінен жаңбыр түрінде жауын-шашын болып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Қостанай қаласында да түнде және таңертең жауын-шашын мен көктайғақ күтіледі. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Павлодар облысының батысында, шығысында және орталығында тұман болады. Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз оңтүстігінде шығыс және оңтүстік-шығыс желінің екпіні 15 м/с-қа дейін жетеді. Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында да тұман күтіледі. Таңертең және күндіз жел екпіні 15–20 м/с болады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өскеменде де осындай жағдай болжанып отыр. Абай облысының солтүстігі мен орталығында тұман болуы мүмкін.
Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман күтіледі. Таулы жерлерде оңтүстік-шығыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары. Алматы мен Қонаевта түнде және таңертең тұман түседі. Іле Алатауының тауларында, Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде де тұман мен қатты жел болуы ықтимал.
Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында түнде әрі таңертең тұман түседі. Алакөл көлдері маңында солтүстік-шығыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Талдықорғанда да тұман күтіледі.
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында тұман болады. Оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы мен таулы аймақтарында солтүстік-шығыс желі соғып, күндіз екпіні 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Таразда түнде және таңертең тұман түседі.
Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз солтүстігінде солтүстік-шығыс желінің екпіні 15–20 м/с болады.
Қызылорда облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде әрі таңертең тұман түседі. Күндіз орталығы мен шығысында шығыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Оңтүстік-батысы мен солтүстігінде өрт қаупі жоғары. Қызылорда қаласында да тұман күтіледі.
Ақтөбе облысында жауын-шашын болады. Солтүстік-батысында түнде кей уақытта қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Солтүстігі мен шығысында көктайғақ болжанып отыр.
Атырау облысының батысында түнде және таңертең тұман түседі. Батысы мен оңтүстігінде солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–18 м/с болады.
Маңғыстау облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Батысы мен солтүстігінде солтүстік-батыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Ақтауда да жел күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болып, көктайғақ болады. Батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Оралда түнде жаңбыр мен қар жауып, түнгі және таңғы уақытта көктайғақ күтіледі.
Материал авторы