Абай облысында із-түзсіз жоғалған кәсіпкердің қазасының себебі анықталды
Көлігі жолдан шығып кеткеннен кейін байланыссыз қалған ер адам ең жақын елді мекенге дейінгі 35 шақырымды жаяу жүріп өтпек болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Бородулиха ауданында бес күн бойы іздестірілген 44 жастағы кәсіпкер Ринат Ахметовтің өліміне қылмыстық әрекет емес, қатты суық себеп болған. Тергеушілер Семейдегі жанармай құю бекеттері желісінің иесі далада қалай қалғанын анықтады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Бастапқыда кәсіпкердің жоғалуына байланысты полиция оның ұрлануы немесе тапсырыспен өлтірілуі мүмкін деген болжамды да қарастырған. Іздеу жұмыстарына арнайы жасақ, әскери қызметкерлер, құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылып, ондаған техника тартылды. Алайда оқиға орнын тексеріп, тергеу жүргізгеннен кейін қылмыстық нұсқа жоққа шығарылды.
Полиция мәліметінше, қайғылы оқиға елді мекендерден шалғай жатқан қара жолда болған. Кәсіпкердің көлігі жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен. Жүргізуші көлігін өз күшімен шығара алмаған. Оның үстіне ұялы телефонының қуаты таусылып, байланыссыз қалған.
Жақын маңнан көмек күткен ер адам ешкім кездеспеген соң, жаяу жолға шығуға мәжбүр болған. Алайда ең жақын елді мекенге дейін ашық дала арқылы шамамен 35 шақырым жүру керек еді.
Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу барысында кәсіпкердің қатты тоңып, үсіп қайтыс болғаны анықталған. Мамандардың түсіндіруінше, ағза қатты суыққа ұшыраған кезде адамда жалған жылу сезімі пайда болып, ол үстіндегі киімін шеше бастауы мүмкін. Іздеу тобы марқұмның телефоны мен кейбір заттарын мәйіті табылған жерден едәуір қашықтықтан тапқан. Полиция мұны осы құбылыспен байланыстырады.
Еске салайық, Ринат Ахметов 6 қараша күні таңертең байланысқа шықпай қалған. Үш күннен кейін оның бос көлігі Ертіс жағасынан, Пятилетка, Нововасильевка және Алексеевка ауылдарының маңынан табылды.
Кәсіпкерді іздеуге 60-тан астам полицей, оның ішінде арнайы жасақтың 30 қызметкері, 50 әскери, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен еріктілер қатысты. Сондай-ақ 12 трактор мен квадроцикл пайдаланылды. Кәсіпкердің денесі 11 қараша күні түстен кейін Нововасильевка ауылынан 35 шақырым жерден табылды.
Материал авторы