Алматыда ақылды көзілдірік іздеуде жүрген адамды ұстап берді
Мешіттердің бірінде ақылды көзілдірік арқылы Шымкентте іздестіріліп жатқан ер адам табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы полициясы биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-көзілдірікті сынақтан өткізіп жатыр. Жаңа құрылғының көмегімен қаладағы мешіттердің бірінен Шымкент полициясының бастамасымен іздеуде жүрген ер адам анықталып, ұсталды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті жазды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ақылды көзілдірік адамның жүзін ведомстволық дерекқорлармен жедел салыстырып, іздеуде жүрген азаматтарды тануға мүмкіндік береді. Құрылғы әзірге пилоттық режимде қолданылып жатыр. Полицияның иелігінде мұндай көзілдіріктің әзірге бір данасы ғана бар.
Соған қарамастан, жаңа технология алғашқы нәтижесін көрсеткен. Жақында Алматыдағы мешіттердің бірінде құрылғы арқылы іздеуде жүрген ер адам анықталған. Ақпарат тексерілгеннен кейін ол ұсталып, одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін тиісті органдарға тапсырылған.
Полиция өкілдері мұндай технологияны адам көп жиналатын орындарда патрульдеу кезінде қолдануға болатынын атап өтті. Бұл іздеу жұмыстарын жеделдетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Алматыда полиция қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Материал авторы