1282

Жүксалғыштағы дау: Астанада такси жүргізушісі қамауға алынды

«Нұрлы жол» вокзалының тұрағында жолаушымен жанжалдасқан таксист жазаланды.

Жүксалғыштағы дау: Астанада такси жүргізушісі қамауға алынды
Астана ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада такси жүргізушісі жолаушының жүктерін көлік жүксалғышына өзі салмағанына наразы болып, оны балағаттаған. Оқиға теміржол вокзалы маңындағы тұрақта болған. Кейін жүргізуші бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. 

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау барысында «Нұрлы жол» теміржол вокзалының тұрағында түсірілген видеоны анықтаған.

Кадрларда такси жүргізушісі өзін ұялы телефонға түсіріп тұрып, клиенттің әрекетіне наразылық білдіргені көрінеді. Оның ашуын туғызған жағдай – жолаушының жеке заттарын көліктің жүксалғышына өз қолымен орналастырмауы. Осыдан кейін жүргізуші әдепсіз сөздер айтқан.

Полиция тексеру жүргізіп, құқық бұзған адамның жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе облысының 35 жастағы тумасы болып шықты.

Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.

Материал авторы