1553

Израиль Иранның Трампты өлтіру жоспары барын жеткізді

Ираннан төнген қауіп туралы ақпараттан кейін АҚШ шенеуніктері қорғалатын орындарға көшірілген.

Израиль Иранның Трампты өлтіру жоспары барын жеткізді
REUTERS/Jeenah Moon

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль барлау қызметі Иранның АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғаларға шабуыл жасауды жоспарлап отырғаны туралы мәліметті АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына (ОББ) жеткізген. Израильдік Israel Hayom басылымының жазуынша, болжамды шабуылдарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көзделген. 

Басылымның мәліметінше, АҚШ барлау қызметтері ықтимал қауіп туралы ақпаратты тексеруді сұрап, Израильдің «Моссад» барлау қызметіне жүгінген. Осыдан кейін Израиль тарапы қолда бар деректерді растаған.

Ақпарат жарияланған соң АҚШ-та қауіпсіздік шаралары күшейтілгені хабарланды. Қауіп төнуі мүмкін деп есептелген кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер ашық алаңдарда өтетін іс-шараларға сирек қатыса бастаған. Сондай-ақ олардың бірқатары уақытша үйлерінен күзеті күшейтілген нысандарға көшірілген.

Олардың қатарында АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент бар. Israel Hayom дерегінше, ол Вашингтондағы Джорджтаун ауданындағы үйінен қорғалатын әскери базаға ауыстырылған. Иранға қарсы санкциялық саясатқа жетекшілік ететін Бессент Тегеранға бағытталған экономикалық қысым шараларында маңызды рөл атқарады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қорғаныс министрі Пит Хегсет те қауіпсіздігі күшейтілген әскери нысандарға орналастырылғаны айтылған.

Ал Дональд Трамптың көпшілік алдындағы кездесулеріне қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілген. Әсіресе ашық аспан астында өтетін іс-шаралар саны қысқарған. Президенттің көпшілік алдына шығуы қажет болған жағдайда, әдеттегі күзетпен қатар ұшқышсыз аппараттардан төнуі мүмкін қауіптің алдын алуға арналған арнайы қорғаныс жүйелері қолданылатыны хабарланды.

Дегенмен бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. АҚШ-тың Ақ үйі мен ОББ-ы, сондай-ақ Иран билігі болжамды шабуыл жоспарына қатысты жария мәлімдеме жасаған жоқ. Iran International басылымы да Israel Hayom дерегінің тәуелсіз түрде расталмағанын атап өтті.

Материал авторы