Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды
Ежелгі заманда тоналған қорғаннан алтын әшекеймен қатар бірнеше адамның сүйектері мен қыш ыдыстардың сынықтары анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда археологтар сақ дәуіріне жататын алтын әшекей бұйым тапты. Құнды жәдігер Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталған.
Әкімдіктің мәліметінше, археологтар ерте темір дәуіріне жататын сақ қорғанында шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында алтын бұйымнан бөлек, адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынықтары табылған.
Қорғанның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Алдын ала зерттеу нәтижелері бойынша, тарихи ескерткіш б.з.д. IV-III ғасырларға жатады.
«Қорған ежелгі заманда-ақ тоналған. Тонаушылар қазған шұңқырдың көлемі 3 метрді құрайды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Қазба жұмыстары кезінде археологтар көптеген адам сүйегін анықтаған. Алдын ала болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Алайда жерленген адамдардың нақты саны әзірге белгісіз.
Сондай-ақ сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Қорғанның тоналуына байланысты жәдігерлердің басым бөлігі әр жерге шашылып қалған.
Табылған заттардың ішінде ерекше құндысы – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Мамандардың болжамынша, ол баскиімді безендіруге арналған әшекей болуы мүмкін. Бұйымдағы тесіктер оның баскиімге тігіліп бекітілгенін көрсетеді.
Мұндай әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Мәселен, «Алтын адамның» баскиімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей табылған. Ал 2014 жылы Көкқайнар қорымынан баскиімге тағылған барыс мүсіншесі анықталған.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің айтуынша, Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
«Жерлеу рәсімінің мән-жайын нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау үшін қосымша зерттеулер, оның ішінде антрополог мамандардың қатысуымен талдаулар жүргізу жоспарланған. Бір қорғаннан осыншама көп адам сүйегінің табылуы ерекше қызығушылық тудырады. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстанға тән емес. Әдетте осындай көлемдегі қорғандарға бір немесе екі адам жерленген», – деді ол.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, аю бейнесіндегі алтын мүсінше Қазақстан үшін бірегей олжа саналады. Бұл жәдігер Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі ежелгі мәдениеттер арасындағы байланыстарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Археологиялық зерттеулер мен ғылыми өңдеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ең құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Материал авторы