Қостанайда 86 жастағы зейнеткерді өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды
Қарияның денесі тұрғын үй ауласынан зорлық-зомбылық белгілерімен табылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда 86 жастағы ер адамның өліміне қатысты күдікпен кәмелетке толмаған қала тұрғыны ұсталды. Құқық қорғау органдары оны жедел-іздестіру шаралары барысында анықтаған. Қазір жасөспірім уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше, зейнеткердің денесі тұрғын үйлердің бірінің ауласынан зорлық-зомбылық белгілерімен табылған. Осы дерек бойынша адам өлтіру бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Күдікке ілінген адам – Қостанай қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Еске салайық, 86 жастағы зейнеткердің өлімі 30 қазанда Қостанайдағы Көбеев көшесінде болған. Ер адам серуендеу үшін үйінің ауласына шыққан кезде белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған. Кейін полиция оның денесі табылғанын және адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары тағы бір адамға шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарған.
Материал авторы