1280

Алматыда массажист 18 жастағы қызға шабуыл жасады деген күдікке ілінді

18 жастағы қыздың туысы массажистке қатысты істі жария етуді сұрады.

Алматыда массажист 18 жастағы қызға шабуыл жасады деген күдікке ілінді
freepik

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тұрғыны 18 жастағы сіңлісіне массаж процедурасы кезінде зорлық көрсетуге әрекет жасалғанын мәлімдеді. Туысының айтуынша, массажист қызға шабуыл жасап, ол кабинеттен шығуға тырысқанда қылқындырған. Отбасы полицияға арызданғанымен, күдікті бастапқыда ұсталып, кейін босатылғанын айтады. 

Жәбірленушінің әпкесі оқиғаның мән-жайын Threads әлеуметтік желісінде жариялап, істің кеңінен таралуына көмектесуді сұраған.

Оның сөзінше, дәрігер жарақат алған сіңлісіне массаж қабылдауды ұсынған. Осыдан кейін бойжеткен үйіне жақын орналасқан массаж студиясына жазылған. Туысының айтуынша, алғашқы процедура 2 қарашада өткен. Сол кезде массажист қызға жыныстық сипаттағы зорлық жасауға әрекеттеніп, ал бойжеткен қашып шығуға тырысқанда оны қылқындырған.

Оқиғадан кейін отбасы полицияға жүгінген. Жәбірленушінің әпкесі келесі күні қыздың ата-анасымен бірге арыз жазғанын, содан соң күдіктіні полиция алып кеткенін айтады. Алайда оның сөзінше, ер адам келесі күні-ақ уақытша ұстау орнынан босатылған.

Туысы күдіктінің бостандықта жүруі басқа қыздар мен әйелдердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін деп алаңдайды. Сондай-ақ отбасыға арызды қайтарып алу ұсынылғанын мәлімдеді.

Жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында қолдарындағы материалдардың барлығы құқық қорғау органдарына тапсырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, отбасыға құжаттардың көшірмесі берілмеген және материалдарды суретке түсіруге рұқсат етілмеген. Сондықтан жеке сипаттағы дәлелдерді ашық жариялауды жөн көрмеген.

Ол массаж кезінде бөлмеде тек сіңлісі мен массажист болғанын да алға тартты. Осыған байланысты студиядағы қауіпсіздік мәселесіне күмән келтірген.

Алматы қалалық полиция департаменті бойжеткеннің арызы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Массажист Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор