1155

Меладзенің Алматыдағы концертінде төбелес шығарған әйелдер жазаланды

Концерттің тоқтатылғаны туралы жалған ақпарат жариялаған Instagram аккаунтының иесі де айыппұл арқалады.

Меладзенің Алматыдағы концертінде төбелес шығарған әйелдер жазаланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Валерий Меладзенің концерті кезінде жанжалға қатысқан үш әйелдің жеке басы анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Олардың бірін сот бес тәулікке қамауға алса, екіншісіне айыппұл салынды. 

Полиция мәліметінше, оқиға концерт өтіп жатқан кезде болған. Көрермендер арасында жанжал туындап, қауіпсіздік қызметкерлері жанжалға қатысқан әйелдерді концерт алаңынан шығарып жіберген. Соған қарамастан, өнер көрсетілім тоқтатылмай, жоспарланған тәртіппен жалғасқан.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысқан үш әйелді анықтаған. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары болып шықты. Солардың бірі сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал екінші әйел қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл арқалады.

Үшінші қатысушы Тараз қаласының тұрғыны екені анықталған. Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданған.

Бұдан бөлек, полиция Instagram желісінен концерттің тоқтатылғаны туралы жалған ақпарат жарияланған жазбаны анықтаған. Аккаунт иесінің жеке басы белгілі болып, ол шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.

Еске салайық, Валерий Меладзенің Алматыдағы концерті 4 қарашада өткен. Көрермендер арасындағы жанжал түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрларда әншінің әнін тоқтатып, көрермендерге тіл қатқаны байқалады.

Материал авторы