«Бұл хайп емес»: Super Mamasita көмектеспек болған көпбалалы отбасының алдауын әшкереледі
Блогер бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты біреуді қаралау емес, қайырымдылық жасаушыларды сақ болуға шақыру екенін жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Әлия Байтугаева Instagram желісіндегі Super Mamasita парақшасында қайырымдылық көмегін көрсетпек болған отбасыға қатысты күтпеген жағдайды баяндады. Блогердің айтуынша, жөндеу жұмыстарын жасап беруді жоспарлаған үйде ешкім тұрмайтыны анықталған.
Блогердің сөзінше, әйел 2017 жылдан бері балаларымен бірге жөндеу көрмеген үйде тұрып жатқанын айтқан. Алайда Әлия Байтугаева барған кезде баспанада ешкім тұрмайтыны байқалған. Әйел бастапқыда өз сөзінен қайтпағанымен, кейін оның ұлы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мойындаған.
Осыдан кейін әйел алыс жерде тұратынын, блогерлерді үйіне шақыра алмайтынын түсіндірген. Оның айтуынша, баспана иесі бұған рұқсат бермейді. Ал блогерге көрсетілген үйдің кімге тиесілі екені де анықталмаған.
Әлия Байтугаева бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты әйелді көпшілікке әшкерелеу немесе танымалдық жинау емес екенін атап өтті. Ол отбасының мүшелерін көрсетпей, олардың жүзін әдейі жасырғанын жеткізді.
«Мен сенгіш адаммын. Арамызда мен сияқты адамдар көп екеніне сенімдімін. Бірақ біреудің біздің мейірімділігіміз бен шынайы сезімімізді пайдаланып, манипуляция жасағанын қаламаймын. Дегенмен бұл әйелді көпшілікке көрсеткім келмейді, өйткені оның өмір тарихын толық білмеймін. Неліктен мұндай қадамға барғанын да түсінбеймін. Әлде тұрмыс тауқыметі осындай әрекетке итермеледі ме?» – деп жазды блогер.
Сондай-ақ ол қайырымдылықты өзгенің есебінен жөндеу жасатудың амалына айналдыруға болмайтынын айтты. Блогердің пікірінше, әр адам ең алдымен өзіне адал болуы керек.
«Мен ешкімге тегін жөндеу жасап бермеймін. Егер біреу өзгенің есебінен үйін жөндеткісі келсе, бұл жерге келмесін. Ол үшін жұмыс істеп, ақша жинап, баспанасын өз күшімен ретке келтіру керек», – деді Әлия Байтугаева.
Блогердің айтуынша, бұл оқиға оның мұқтаж отбасыларға көмектесетін «Қайырымды жұма» айдарының кезекті шығарылымына айналуы мүмкін еді. Алайда болған жағдай қайырымдылық жасауда да сақтық пен шынайы ақпараттың маңызды екенін көрсеткен.
Материал авторы