Әкесінің қызын ернінен сүйген видеосы қоғамда талқыланды: ШҚО-да тексеріс басталды
Өскеменде әлеуметтік желіге тараған видеоға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Кадрларда ер адамның туған күнінде кішкентай қызын ернінен сүйгені түсірілген. Жазба Threads желісінде қызу талқыланып, қолданушылардың наразылығын тудырған.
Желіде жарияланған видеода ер адамның үйіне туған күніне арналған торт ұстап келген қызына құттықтау айтып, оны ернінен сүйгені көрінеді. Кадрлар тарағаннан кейін Threads қолданушылары арасында қызу пікірталас басталған.
Кейін жазба авторы Өскемен полициясының қызметкерлері өзіне хабарласып, видеоны өшіруді сұрағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, полиция өкілдері оқиғаға назар аударған.
«Өскемен полициясынан хабарласып, видеоны өшіруді сұрады. Мен оны өшірдім. Полиция бұл отбасын шынымен бақылауға алып, жағдайды анықтайды деп үміттенемін», – деп жазды ол.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған ақпараттың тіркелгенін растады. Ведомство мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар тексеруге білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері де тартылған.
Материал авторы