838

Мейрамбек Беспаевтың домбырасы мерейтойда 15 миллион теңгеге сатылды

Әншінің қолтаңбалар жинақталған домбырасын аукционда Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңгеге сатып алған.

Мейрамбек Беспаевтың домбырасы мерейтойда 15 миллион теңгеге сатылды
instagram.com/m_besbaev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Мейрамбек Беспаев 50 жасқа толуына орай үлкен мерекелік кеш өткізді. Мерейтойдағы көпшіліктің назарын аударған оқиғалардың бірі – өнер иесінің домбырасын аукционға шығарып, 15 миллион теңгеге сатуы болды. 

Мерекелік кешке отандық шоу-бизнес өкілдері, соның ішінде Қыдырәлі мен Қарақат, Тоқтар Серіков және «АБК» тобы қатысты. Кештен түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады.

Аукционға Мейрамбек Беспаев белгілі адамдардың қолтаңбалары қойылған домбырасын шығарған. Аспапты бірнеше қонақ сатып алуға ниет білдірген. Алғашқылардың бірі болып Тоқтар Серіков 10 миллион теңге ұсынғанымен, кейін оның бағасын басқа қатысушы көтерген. Нәтижесінде домбыраны әнші Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңгеге сатып алды.

Алайда бұл сауда желі қолданушыларының бәріне бірдей ұнай қоймады. Кейбірі домбыраның тарихи әрі естелік құндылығына назар аударып, оны музейге тапсыру керек еді деген пікір білдірді.

Желі қолданушыларының бірі аспапта танымал тұлғалардың қолтаңбалары бар екенін еске салып, оны Ұлттық музейге өткізуге болатынын жазды. Оның пікірінше, мұндай жәдігерді кейінгі ұрпаққа көрсету маңызды.

Тағы бір қолданушы домбыраны музейге тапсырып, сатылымнан түскен 15 миллион теңгеге Мейрамбектің туған қаласы Таразда баспанасы жоқ, қиын жағдайда жүрген отбасыға екі бөлмелі пәтер алып беруді ұсынды.

Бұдан бөлек, кейбір пікір қалдырушылар домбыраның бағасын тым жоғары деп санаған. Олардың ойынша, аспап үшін 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі сома жеткілікті болар еді.

Осылайша, әншінің мерейтойындағы аукцион әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа себеп болды. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор