«Бірнеше жыл күтті»: Қайрат Нұртас пен әйелі тұңғыш ұлының арманын орындады
Жұлдызды жұп ұлдары Нарұлға тұлпар сыйлады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдукәрімова тұңғыш ұлы Нарұлға өзі қалаған тұлпарын сыйлады. Бірнеше жылдан бері ат спортымен айналысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген жасөспірімнің арманын ата-анасы орындаған.
Қуанышты жаңалықты Жұлдыз Әбдукәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Актрисаның айтуынша, Нарұл бала кезінен атқа құмар. Бірнеше жыл бойы ат спортымен шұғылданып, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Осы уақыт ішінде бірнеше рет жарақат алғанына қарамастан, оның жылқыға деген қызығушылығы бәсеңдемеген.
«Талай аттан құлады. Қолын да, аяғын да, белін де жарақаттап алды. Сонда да жылқыға деген махаббаты жыл өткен сайын арта берді. Алғашқы жылдан-ақ өзінің жеке тұлпары болғанын армандады. Сұрады, қалады, күтті. Ал әкесі екеуміз балалық қызығушылық па, әлде шынайы құштарлық па, уақыт көрсетсін деп шештік», – деп жазды актриса.
Жұлдыз Әбдукәрімованың сөзінше, уақыт өте келе ұлының ат спортына деген ынтасы жай қызығушылықтан әлдеқайда терең екені байқалған. Нарұл бос уақытының басым бөлігін атқорада өткізеді. Мектептен шыққан соң бірден сонда барып, аттарды жуып, қораны тазалап, жем-шөбін беруге көмектеседі екен.
«Қолы қалт етсе, атқа асығады. Жасөспірім шақтың қызығына еріп, қатарластарымен қыдырып, компьютерлік клубтарға баруға да аса қызықпады. Мектептен босай сала атқораға жүгіреді. Аттарды шомылдырады, астын тазалайды, жем-суын береді. Кейде үйге түн ауа бір-ақ оралады», – деді ол.
Баласының жылқыға деген ықыласына көзі жеткен ерлі-зайыпты биыл оның көптен күткен тілегін орындауға шешім қабылдаған. Осылайша, Нарұлға өзі таңдаған тұлпарды сатып алып берген.
Алайда сыйлықты табыстау рәсіміне Қайрат Нұртас қатыса алмаған. Әнші іссапарда болғандықтан, ұлының қуанышты сәтін қасында бөлісе алмапты.
«Іссапарға байланысты тұлпарын табыстау сәтіне Қайреке үлгеріп келе алмады. Бірақ бұл күнді ұлымен бірге әкесі де қаншалықты күткенін мен жақсы білемін. Құлыным, азаматқа қазанат серік болсын! Тұлпарың құтты болсын! Тақымыңнан тұлпар, басыңнан бақ таймасын! Алар асуың биік болсын!» – деп жазды актриса.
Жұлдыз Әбдукәрімова жариялаған бейнежазбада Нарұлдың көптен күткен сыйлығын көрген сәті көрсетілген. Желі қолданушылары жас шабандоздың қуанышына ортақтасып, ата-анасының баласының қызығушылығын қолдағанын атап өтті. Сондай-ақ оған алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Материал авторы