969

Көкшетауда төрт күндік нәресте жол апатынан кейін ауруханаға жеткізілді

Үш көлік соқтығысып салдарынан төрт күндік нәресте мен 13 жастағы бала ауруханада жатыр.

Көкшетауда төрт күндік нәресте жол апатынан кейін ауруханаға жеткізілді
instagram.com/nayza_kokshe

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында Астана – Петропавл тасжолында болған жол-көлік оқиғасынан алты адам зардап шекті. Олардың арасында небәрі төрт күн бұрын дүниеге келген сәби мен 13 жастағы бала бар. Қазір нәресте облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында жатыр. Бұл туралы Nayza_kokshe парақшасы жазды.

Жол апаты 7 қарашада Көкшетау маңындағы Астана – Петропавл тасжолының 312-шақырымында болған. Полиция мәліметінше, Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктері соқтығысқан.

Салдарынан Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Зардап шеккендердің арасында төрт күндік нәресте мен 13 жастағы бала да бар.

Дәрігерлер балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Жол апатынан зардап шеккендерден түрлі жарақаттар, дене соғылуы мен сүйек сынуы анықталған.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайы мен соқтығысу себептерін анықтап жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Ақмола облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдықты асырмауға және тасжолда барынша мұқият болуға шақырды.

Айта кетейік, 1 қарашада да Астана – Петропавл тасжолында адам өліміне әкелген жол апаты болған. Сол кезде үш адам қаза тапқан: екеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы бірі ауруханада қайтыс болған.

Материал авторы