Павлодарда 81 жастағы әйел Ертіс жағасындағы бес метрлік жардан құлап кетті
Зейнеткерді бес метрлік жардан альпинистік жабдықпен алып шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда Ертіс өзенінің жағасындағы биіктігі бес метрге жуық жардан құлаған 81 жастағы әйелді құтқарушылар аман алып шықты. Оны қауіпсіз жерге көтеру үшін альпинистік жабдықтар мен арнайы зембілдер қолданылған.
Оқиға 8 қарашада Павлодар қаласындағы Әлихан Бөкейхан көшесінің бойында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1945 жылы туған әйел Ертіс жағалауындағы жардың маңында серуендеп жүріп, абайсызда төменге құлап кеткен.
Оқиға туралы хабарлама 112 пультіне түскен бойда құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткен. Олар зардап шеккен әйелдің қай жерде жатқанын анықтап, оны жоғары көтеру жұмыстарын бастаған.
Жер бедерінің күрделілігі мен жардың биіктігіне байланысты құтқару операциясына альпинистік жабдықтар пайдаланылған. Арнайы құралдар мен зембілдердің көмегімен әйел шамамен бес метр биіктіктен қауіпсіз жерге шығарылды.
Осыдан кейін зейнеткер жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.
Материал авторы