1590

Дариға Бадықова тамақ үшін көшеде ән айтқанын еске алып, жылады

Өнер иесі түскі уақытта көшеге шығып ән айтқанын, ал ауылдастары оған қант, алма мен құрт бергенін еске алды.

Дариға Бадықова тамақ үшін көшеде ән айтқанын еске алып, жылады
instagram.com/dariga_badykova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі продюсер Дариға Бадықова балалық шағындағы қиын кезең туралы айтып, сол кездерді еске алғанда толқып кетті. Өнер иесі отбасына көмектесу үшін ауыл көшелерін аралап, ән айтып, тұрғындардан азық-түлік жинағанын жеткізді. 

Актрисаның айтуынша, олардың отбасы тұрмыстың тауқыметін тартқан. Кей кездері үйде қант пен басқа да азық-түлік жетіспейтін. Сол себепті кішкентай Дариға жақындарына қолғабыс етудің амалын іздеген.

Үйдегілер түскі ұйқыға кеткенде, ол көшеге шығып ән айтатын. Ауыл тұрғындары бүлдіршінге қолдарынан келгенше азық-түлік беріп, қолдау көрсеткен.

«Үйде қант немесе басқа бірдеңе жоқ десе, неге жоқ деп ойлайтынмын. Бір амалын табу керек қой. Көшеге шығып ән айтатынмын. Адамдар қолынан келгенін беретін: біреуі қант, енді бірі алма, құрт ұсынатын. Соның бәрін жинап, үйге әкелетінмін. Інім мен әпкемнің тамақ жегеніне қуанатынмын. Олардың тоқ жүргенін қалайтынмын», – деді актриса Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында.

Бадықова сол кезде төрт-бес көшені аралап шығатынын да айтты. Ауылдастарының өзіне әрдайым жылы қабақ танытып, қолдау көрсеткенін еске алған актриса көз жасына ерік беріп, жерлестеріне алғысын білдірді.

Әлеуметтік желі қолданушылары өнер иесінің әңгімесіне бейжай қарамай, оның бала күнінен отбасы үшін жауапкершілік алып, жақындарына қамқор болғанын атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор