Тұман, көктайғақ және күшті жел: синоптиктер 10 қарашаға болжам жасады
10 қарашада елдің бірқатар аймағында жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 10 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде жауын-шашынның қатты болатынын ескертті. Сонымен қатар көктайғақ, тұман және секундына 28 метрге дейін жететін күшті жел болжанып отыр.
Астана қаласында тұман түсіп, көктайғақ болады. Ақмола облысында, соның ішінде Көкшетауда түнде және таңертең тұман мен көктайғақ күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман түседі. Петропавлда түнде және таңертең тұман болып, күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Қостанай облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Қостанай қаласында да осы уақытта тұман болады.
Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр мен қар жауып, күндіз кей уақытта жауын-шашын күшейеді. Көктайғақ болуы мүмкін. Батысында, солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді. Павлодар қаласында түнде және таңертең тұман болжанып отыр.
Қарағанды облысында түнде солтүстік, шығыс және оңтүстік аудандарда, ал күндіз өңірдің басым бөлігінде жауын-шашын болады. Шығысы мен оңтүстігінде күндіз жауын-шашын мол түсуі ықтимал. Түнде және таңертең тұман түсіп, солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге, күндіз шығысы мен оңтүстігінде кей уақытта 23 метрге дейін жетеді. Қарағанды қаласында мезгіл-мезгіл жаңбыр жауып, түнде және таңертең тұман болады.
Ұлытау облысында жаңбыр мен қар жауады. Күндіз оңтүстігі мен орталығында жауын-шашын кей уақытта қатты болуы мүмкін. Жезқазғанда да жаңбыр мен қар күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр мен қар жауады. Күндіз солтүстік, шығыс және таулы аудандарда жауын-шашын кей уақытта қатты болады. Желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Өскеменде күндіз желдің жылдамдығы секундына 15–18 метрге жетуі мүмкін.
Абай облысында жаңбыр мен қар жауады. Күндіз батысы мен солтүстігінде жауын-шашын мол түседі. Желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігінде өрт шығу қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Алматы облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз қатты жаңбыр жауады. Таулы аудандарда жаңбыр мен қар араласып, кей уақытта күшейеді. Кей жерлерде тұман түсіп, батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 18–23 метрге дейін жетеді. Өңірдің батысы, оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары.
Алматыда күннің екінші жартысында тұман түсіп, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 18 метрге дейін барады. Қалада өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталады. Қонаевта күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 18–23 метрге жетеді. Іле Алатауының Медеу және Бостандық аудандарына қарасты таулы аймақтарында қатты жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Желдің екпіні секундына 18–23 метрге дейін күшейеді.
Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз қатты жаңбыр жауып, тұман түседі. Алакөл көлдері маңында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Өңірдің оңтүстігі мен орталығында өрт қаупі жоғары, шығысында төтенше деңгейде сақталады.
Жамбыл облысында жаңбыр жауады. Күндіз өңірдің басым бөлігінде, әсіресе солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында жауын-шашын қатты болуы мүмкін. Кей жерлерде найзағай ойнап, таулы аймақтарда тұман түседі. Желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Таразда мезгіл-мезгіл жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Қалада желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді.
Түркістан облысында жаңбыр жауады. Солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын қатты болуы ықтимал. Кей жерлерде тұман түсіп, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Шымкентте түнде және таңертең қатты жаңбыр жауып, тұман түсуі мүмкін. Түркістан қаласында да тұман мен күшті жел болжанып отыр.
Қызылорда облысының шығысында түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын қатты болады. Шығысы мен орталығында тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Өңірде өрт қаупі төтенше деңгейде, солтүстігінде жоғары деңгейде сақталады. Қызылорда қаласында да тұман күтіледі.
Ақтөбе облысының оңтүстігінде түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Оңтүстігінде өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Атырау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Батысында өрт қаупі жоғары.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстік-шығысы мен орталығында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Кей жерлерде тұман түседі. Батысында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Орал қаласында да осы уақытта тұман болады.
Материал авторы