«Ұлымды жоғары курс студенті қорқытқан»: Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне қатысты іс қаралып жатыр
42 күн комада жатып көз жұмған студенттің өліміне қатысты тың деректер айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, 42 күннен кейін ауруханада көз жұмған 17 жастағы студенттің өліміне қатысты сот процесі басталды. Тергеу нұсқасы бойынша, жасөспірім жоғары курс студентінің тапсырмасымен терезеден байланған көрпелер арқылы төмен түспек болған. Алайда арқан орнына пайдаланылған көрпелерге шыдай алмай, құлап кеткен.
Қайғылы оқиға жеті ай бұрын Ақтөбедегі Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, сол күні бөлмеде үш кіші курс студенті отырған. Оларға колледждің төртінші курсында оқитын 21 жастағы Мәди Сүгербай кіріп, алдымен темекі сұраған. Бөлмеден темекі табылмаған соң, жасөспірімдерді басқа бөлмелерден іздеуге жіберген. Кейін дүкеннен тамақ әкелуді тапсырғаны айтылады.
Алайда жатақхананың есіктері жабық болғандықтан, сыртқа шығу мүмкін болмаған. Осы кезде жоғары курс студенті жігіттердің бірін терезеден байланған көрпелермен түсіруді ұсынған деген болжам бар.
Төменге түсуге 17 жастағы Нұрбақыт Бақыт кіріскен. Бірақ ол төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған.
Сот отырысында оқиғаға қатысы бар студенттердің бірінің түсініктемесі бейнежазба түрінде көрсетілген. Онда ол бес көрпені бір-біріне байлап, бір ұшын Ернардың ұстап тұрғанын, ал екінші жағын терезеден түсіргендерін айтқан. Нұрбақыт төмен түсе бастаған кезде оның құлап кеткені хабарланған.
Жасөспірім ауыр жарақат алып, комаға түскен. Дәрігерлер 42 күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, студент көз жұмды.
Қаза тапқан баланың анасы Құлайым Колова ұлына жоғары курс студенті қысым көрсетіп, тапсырмаларын орындауға мәжбүрлегеніне сенімді. Оның сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін колледж басшылығы жағдайды жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқан.
Әйелдің айтуынша, оған таңғы сағат төртте колледжден хабарласып, ұлының ауруханаға түскенін жеткізген. Ақтөбеге келгенде оқу орнының оқытушылары мен басшылығы жасөспірімнің түнде қарны ашып, өз еркімен дүкенге бару үшін терезеден түспек болғанын айтқан. Алайда анасы бұл түсініктемеге сенбеген. Өйткені сол күні кешке ұлына ақша аударып, кейін бейнебайланыс арқылы сөйлескенде оның азық-түлік сатып алғанын көрген.
Сот отырысына айыпталушының анасы да қатысқан. Ол Атырау облысынан келген. Әйел ұлына тағылған айыппен келіспейтінін айтып, оқиғаға оның қатысы жоқ деп есептейді.
Бақытжамал Шабаеваның айтуынша, балалар дүкенге бармақ болғанда ұлы оларға 2 мың теңге беріп, өзіне де бірдеңе алып келуді сұраған. Оның сөзінше, кейін бөлмесіне кетіп қалған және оқиға болған сәтте жасөспірімдердің жанында болмаған.
21 жастағы Мәди Сүгербайға «Қауіпті жағдайда қалдыру» және «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» баптары бойынша айып тағылды. Алайда ол өз кінәсін мойындамай отыр.
Ал марқұмның анасы ұлының өліміне байланысты колледж бен жатақхана қызметкерлерінің де жауапқа тартылуын талап етеді. Сотта істің мән-жайы қаралып жатыр.
Материал авторы