Ақтауда тұрғындар жарық-жылусыз және ыстық сусыз қалған соң жолды жапты
Жұрттың айтуынша, жарықтың қайта-қайта өшуінен азық-түлік бұзылып, тұрмыстық техникаға зақым келу қаупі туындаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда екі шағын ауданның тұрғындары коммуналдық қызметтердің ұзақ уақыт бойы көрсетілмеуіне наразылық білдіріп, жолды жауып тастады. Қаладағы бес тұрғын үй әлі күнге дейін электр жарығынсыз отыр. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.
Оқиға 19А және 20-шағын аудандардың арасындағы жолда болған. Тұрғындардың айтуынша, үйлерінде жарықтың жоқтығына бір тәулікке жуық уақыт өткен. Бұған қоса, жылу мен ыстық су да берілмей отыр.
Жұрт жолды жауып, осылайша билік пен жауапты мекемелердің назарын мәселеге аударуға тырысқан. Жарияланған видеодан көлік қозғалысының тоқтап қалғанын көруге болады. Өтетін жол жабылғандықтан, қоғамдық көлік те жүре алмай қалған.
№33 үйдің тұрғындары пәтерлердің суып кеткенін, арасында кішкентай балалары бар отбасылардың да отырғанын айтады. Электр қуатының болмауынан тоңазытқыштар істемей, азық-түлік бұзыла бастаған. Ал жарық қайта қосылған кезде кернеудің күрт өзгеруінен тұрмыстық техниканың істен шығуы мүмкін деген қауіп бар.
Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Электр жарығы кейде аз уақытқа беріліп, артынша қайта өшеді. Адамдар амалсыздан жылытқыштарды пайдалануға мәжбүр, бұл электр энергиясына кететін шығынды арттырғанымен, пәтерлерді жылытуға жеткіліксіз.
Олар әкімдіктен және жауапты мекемелерден жарық, жылу мен ыстық судың қашан берілетінін, апаттың неліктен қайта-қайта қайталанып жатқанын және оны жою үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіндіруді талап етті. Сондай-ақ кернеудің ауытқуы салдарынан тұрмыстық техника бүлінсе, шығынды өтеу үшін қайда жүгіну керегін түсіндіруді сұрады.
Ақтау электр желілері басқармасы (АЭЖС) 20-шағын аудандағы бес тұрғын үйде әлі электр қуаты жоқ екенін растады.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, жарық өшкен сәттен бастап апаттық бригадалар таңертеңнен бері үздіксіз қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда қолайсыз ауа райы мен нөсер жаңбыр жұмысты қиындатқан.
«Жекелеген учаскелерде су жиналып, зақымданған кабельдер су астында қалған. Бұл ақауды анықтау мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтауды толық қалпына келтірудің нақты мерзімін айту мүмкін емес», – деп хабарлады мекеме.
Материал авторы