«Ит үріп, керуен көшеді»: әкесі қызын құттықтаған даулы видеоға қатысты пікір білдірді
Ер адамның айтуынша, ол қызының туған күнінде оған әкелік мейірімін көрсеткен, ал видеодағы көрініс түсірілім бұрышына байланысты басқаша қабылдануы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде туған күніне орай әкесімен бірге түскен видеосы қызу талқыға түскен қыздың ата-анасы мәлімдеме жасады. Ер адам жұрттың сынына жауап беріп, қызын еркелеткен сәті видеоға түсіп қалғанын және өзін ақтауға ниетті емес екенін айтты.
Қыздың әкесі отбасын қолдаған жандарға алғыс білдіріп, әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлерге назар аудармайтынын жеткізді.
«Қазір жақсы нәрсені ешкім байқамайды, ал жаман дүниені қолдан үлкейтеді. Мін тағатын ештеңе таппаса, өздері ойдан шығарады. Қызымның туған күні болды. Мен оған жай ғана әкелік мейірімімді көрсетіп, бетінен сүйдім, мұрнымды мұрнына тигіздім. Ол – менің тұңғыш қызым», – деді ол.
Ер адамның айтуынша, қызының балалық шағын есіне алғанда көңілі босап кеткен. Сондай-ақ видеодағы көрініс түсірілім бұрышына байланысты басқаша қабылдануы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Ата-анасы жағдайдың мән-жайын өздері де толық анықтағысы келетінін айтты. Қазір отбасы білім бөлімі мен қорғаншылық органдары өкілдерінің келуін күтіп отыр. Олар оқиғаның толық видеосын да жариялауға уәде берген.
«Біз – төрт баласы бар қарапайым отбасымыз. Мұндай жағдай бізді сындыра алмайды. Әркім көргісі келген нәрсесін көреді. Бірақ ақылға салатын адам екі тарапты да тыңдайды», – деді қыздың әкесі.
Сонымен қатар ер адам отбасының адвокатпен кеңескенін хабарлады. Ата-анасы өздеріне бағытталған қорлау пікірлерінің скриншоттарын жинап, видеоны және отбасы мүшелерінің бейнесін рұқсатсыз жариялаған адамдардың үстінен арыз түсіруге ниетті.
Әкесі кейбір блогерлерді қаралым жинау үшін күмәнді ақпарат таратып отыр деп айыптады. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі шу отбасының жақындарына да кері әсерін тигізген.
Бұған дейін Өскеменде әкесі мен қызы түсірілген видеоға қатысты полиция тексеру бастағаны хабарланған болатын.
Материал авторы