«Мен кәсіби боксшы емеспін»: Түркістандағы төбелеске қатысқан жасөспірім өз нұсқасын айтты
Жасөспірімнің айтуынша, жанжал әйелдің ұлы өзін балағаттағаннан кейін басталып, кейін баланың анасы дауға араласқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістандағы ойын-сауық орталықтарының бірінде әйелмен төбелескен жасөспірім әлеуметтік желіде оқиғаның өз нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, жанжал әйелдің ұлы өзін балағаттағаннан кейін басталған.
Кәмелетке толмаған қыздың сөзінше, әлеуметтік желіде тараған видеода жанжалдың тек соңғы сәттері көрсетілген. Ал оған дейін баланың анасы жарты сағат бойы өзімен сөзге келіп, қолынан ұстаған.
Жасөспірім оқиғаның қалай басталғанын түсіндірді.
«Мен кәсіби боксшы емеспін, әрі 18 жасқа да толған жоқпын. Бір бала басына тиген допты мен лақтырды деп ойлап, мені балағаттады. Барлығы осыдан басталды.
Кейін оның анасы келді. Ол мені ұстап, жарты сағат бойы ұрысты. Мен оған жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрадым. Тіпті баласына тиіспегеніме көз жеткізуі үшін бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көруді де ұсындым.
Бірақ ол мені тыңдағысы келмеді. Интернетке жанжалдың тек соңғы бөлігі ғана тарап кетті. Мен ашуға булыққан әйелден қорғануға мәжбүр болдым», – деді қыз.
Еске салайық, бұған дейін Түркістандағы ойын-сауық орталықтарының бірінде екі әйелдің төбелесі түсірілген видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кадрлардан жасөспірім қыздың әйелге бірнеше рет соққы жасағанын көруге болады.
Бейнежазба жарияланғаннан кейін желі қолданушыларының бірқатары қыздарын бокс үйірмесіне беретінін жазған.
Материал авторы