Мектептегі «Система»: Қаракемерде 3 оқушының өліміне қатысты тергеу аяқталды
Екі күдіктіге бопсалау және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптары бойынша айып тағылып, олар қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер ауылындағы мектеп оқушылары арасында өз иерархиясы, бағыну тәртібі мен жазалау ережелері бар бейресми топ әрекет еткен. Оның мүшелері қатарластарынан ақша бопсалаған. Үш кәмелетке толмаған баланың қазасына қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Арнайы прокурорлардың мәліметінше, ауыл мектептерінде «Система» деп аталатын бейресми құрылым жұмыс істеген. Тергеу барысында жиналған дәлелдер ақша бопсалау деректері мен үш жасөспірімнің өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсеткен.
Осы іске байланысты екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары бойынша (қорқытып алу), сондай-ақ 105-бабының 3-бөлігі бойынша (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) айып тағылған. Қазір екеуі де қамауда отыр.
Тағы бес адамға Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары бойынша қорқытып алу айыбы тағылған. Оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары қолданылған.
Прокуратура бейресми құрылымның қызметі тоқтатылғанын хабарлады. Сонымен қатар прокурорлар құқық бұзушылықтарға жол берген құзырлы органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, мұндай жағдайларға себеп болған мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізген. Қазір тиісті құжаттар қаралып жатыр.
2026 жылғы 23 қазанда қылмыстық іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына мәні бойынша қарау үшін жолданған.
Айыпталушылардың кінәсін сот анықтайды. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.
Материал авторы