Ақтөбеде екі жасөспірім құрдастарын қорқытып, тонап кеткен
16 жастағы екі жасөспірім құрдастарының телефондары мен күртесін тартып алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде 16 жастағы екі жасөспірім құрдастарын күш қолданумен қорқытып, ұялы телефондары мен күртесін тартып алған деген күдікке ілінді. Оқиға 1 қарашаға қараған түні қалалық саябақтардың бірінде болған.
Полиция мәліметінше, күдіктілер екі кәмелетке толмаған баланың мүлкін ашық түрде иемденген. Олар жәбірленушілерге күш қолданатынын айтып қоқан-лоқы көрсетіп, ұялы телефондарын және бір күртесін тартып алған.
Құқық қорғау қызметкерлері күдіктілерді оқиға ізін суытпай ұстаған. Олардың Ақтөбе қаласында тұратын, жергілікті колледждерде оқитын 16 жастағы екі жасөспірім екені анықталды.
Күдіктілер кінәсін мойындаған. Тартып алынған ұялы телефондар мен күрте тәркіленді.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес, бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Материал авторы