828

БҚО-да танысын өлтірген әйел сотталды

Әйел танысының үйінде бірге ішімдік ішіп отырған кезде туындаған жанжалдан кейін ер адамға пышақпен шабуыл жасаған.

БҚО-да танысын өлтірген әйел сотталды
Екатерина Сычкова / URA.RU

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында танысымен бірге ішімдік ішіп отырған әйел жанжал кезінде оны пышақтап өлтірген. Сот айыпталушыны адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға әйел танысының үйінде болған. Екеуі бірге спирттік ішімдік ішкен. Басқосу барысында мас күйінде сөзге келіп, араларында жанжал туындаған.

Келіспеушілік кезінде әйел асүй үстелінде тұрған пышақты алып, ер адамның өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет соққы жасаған. Сот дерегінше, жәбірленуші кемінде сегіз жарақат алған. Ішкі ағзалары зақымданған ер адам сол күні қалалық көпбейінді ауруханада есін жимастан қайтыс болған.

Мемлекеттік айыптаушы соттан әйелді 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленуші тарап та қатаң жаза тағайындауды өтінген.

Алайда сотталушы тағылған айыппен келіспей, әрекетін адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қайта саралауды және жеңілірек жаза тағайындауды сұраған.

Сот әйелді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмағаны ескерілді.

Нәтижесінде сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген. 

Материал авторы