«Сектада жүр»: Нұртас Адамбайдың жұбайы режиссерді діни ұйымның ықпалында жүр деп айыптады
Әйелдің сөзінше, отбасындағы жағдайдан балалар мен жұбайлар зардап шегіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, режиссер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасындағы келіспеушілік туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, күйеуі балаларды тәрбиелеу мәселесінде өзімен келіспейді және деструктивті діни ұйымның ықпалында жүр. Әйел бұл ұйымды «торбекшілер сектасы» деп атаған.
Ғалия Адамбай Instagram парақшасында жағдайдан ең алдымен балалар мен әйелдер зардап шегетінін мәлімдеген. Сондай-ақ ол Нұртас Адамбайдың атынан айтылған сөздер мен әрекеттерге жауап бермейтінін жазған.
«Секта осылай жұмыс істейді. Балалар мен әйелдер зардап шегеді. Барлық құжат пен мамандардың қорытындысын жариялаймын. Оның уақыты келеді. Әзірге мен үшін балаларымның жағдайы маңызды. Нұртас торбекшілер сектасында қалуды жалғастырып жатыр», – деп жазды ол.
Әйел өз жазбасында психолог Торебек Бекбаевтың есімін де атап, күйеуіне дәл осы адамның ықпалы болғанын алға тартты. Сонымен қатар ол өзін қолдауға дайын екенін білдірген заңгерлер мен салық мамандарына алғыс айтты.
Ғалия Адамбай мамандардың қорытындылары мен тиісті құжаттарды кейін жариялауға уәде бергенімен, әзірге олар көпшілікке ұсынылмаған. Ал Нұртас Адамбай жұбайының мәлімдемесіне қатысты ашық пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, Нұртас Адамбай Қазақстанда комедиялық фильмдердің режиссері ретінде танымал. Бұған дейін ол радикалды пікірлері туралы еске алып, сұхбат кезінде көзіне жас алған еді. Сондай-ақ АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін ЛГБТ мәселесіне қатысты көзқарасының өзгерген-өзгермегені туралы әңгімелеген.
Материал авторы