Футбол клубтың президентіне халықаралық іздеу жарияланды
Тергеу дерегінше, 2023 жылы футбол клубына жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялады. Ол бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Келтірілген шығын көлемі 414 миллион теңгеден асады. Бұл туралы ҚМА хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, 1954 жылы 18 наурызда туған, Қазақстан азаматы Григорий Лория Грузияда дүниеге келген. Ол «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубын басқарған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2023 жылы клубтың қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Күдікті бас бухгалтермен және өзге де адамдармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған деген болжам бар.
Ведомствоның хабарлауынша, қаражат негізсіз түрде жеке шоттарға аударылған. Сонымен қатар бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізілген деген күдік бар.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық кірісі төмендетіліп көрсетілген болуы мүмкін.
ҚМА іздеудегі адамның қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды агенттікке хабарласуға шақырды. Байланыс телефоны: +7 7172 70 84 78.
Қылмыстық іс бойынша күдіктінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Материал авторы