865

Алматы әуежайында құрылыс кезінде жұмысшы қаза тапты

Әуежай әкімшілігі тергеу органдарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Алматы әуежайында құрылыс кезінде жұмысшы қаза тапты
AI / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы халықаралық әуежайының перронында құрылыс жұмыстары кезінде қайғылы оқиға болды. Мердігер ұйымның қызметкері жұмыс барысында көз жұмды. 

Көлік полициясы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бабы бойынша қаралуда.

«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі де оқиғаны растады. Олардың мәліметінше, қайғылы жағдай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан перрон аумағында болған. Қаза тапқан адам әуежайдың емес, мердігер ұйымның қызметкері болған.

Әуежай өкілдері тергеу аясында мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Барлық мән-жай анықталып, тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

Әуежай әкімшілігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Материал авторы