ҚазҰУ студентінің өлімі: Ғылым министрі полиция пікір білдіруге тыйым салғанын айтты
Бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат 6 қарашада белгілі болған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек істің мән-жайын жариялауға Алматы қалалық полиция департаменті тыйым салғанын мәлімдеді.
Министр Құрылтайда өткен брифингте университеттің марқұмның қамқоршыларымен және әкесімен байланыста екенін айтты. Оның сөзінше, оқу орны қажетті шығындарды өз мойнына алып, бұған дейін төленген қаражатты да қалпына келтірген. Сондай-ақ отбасыға қолдау көрсету мәселесі бойынша тұрақты байланыс орнатылған.
Саясат Нұрбектің айтуынша, университет өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Алайда тергеу амалдарына қатысты ақпаратты сотқа дейін жариялауға болмайды.
«Біз БАҚ өкілдерінен бұл істі талқылау кезінде мұқият болуды сұраймыз. Тергеу жүріп жатыр. Ресми түсініктеме де берген жоқпыз, себебі Алматы қалалық полиция департаменті университетке процессуалдық әрекеттер аяқталғанша жарияланымдарға қатысты сақ болуды қатаң ескертті», – деді министр.
Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің бірінші курсында оқыған қыздың қайтыс болғаны туралы ақпарат 6 қарашада тараған еді.
Материал авторы