Әскери ант кезінде сарбаздың жағдайы нашарлады: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді
Қорғаныс министрлігі сарбаздың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның әлеуметтік желілерінде әскери ант қабылдау рәсімі кезінде сарбаздың жағдайы нашарлаған сәт түсірілген видео қайта тарады. Алайда бұл кадрлар жаңа оқиғаға қатысты емес. Оқиға 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған. Бұл туралы Jaq.Ortcom жанындағы Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы мәлімдеді.
Ол кезде Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің жағдайының нашарлауын қатты қобалжумен байланыстырған.
«Сарбаздың денсаулығының нашарлауы қатты толқуына байланысты болды. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Медициналық көмек уақытылы әрі толық көлемде көрсетілді», – деп түсіндірген ведомство.
Орталықтың мәліметінше, кейін әскери қызметші мерзімді әскери қызметін белгіленген уақыт ішінде толық өтеп, запасқа шығарылған.
Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы ескі бейнежазбаларды түсірілген күні мен оқиғаның мән-жайын көрсетпей тарату қоғамды жаңылыстыруы мүмкін екенін ескертті. Мұндай әрекеттер негізсіз алаңдаушылық туғызып, қоғамдық ахуалға кері әсер етуі ықтимал.
Сондай-ақ блогерлер мен жаңалық парақшаларының әкімшілеріне көрінеу жалған ақпарат таратудың заңдық салдары болуы мүмкін екені ескертілді.
Орталық видеодағы кадрлардың шынайы екенін де нақтылады. Яғни, жазба қолдан жасалмаған, мәселе оның ескі екені және қазіргі оқиға ретінде контекстсіз таратылып жатқанында.
Материал авторы