317

Бибісара Асаубаева мансабындағы ең қауіпті қарсыласын ұтты

Қазақстандық шахматшы Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде үндістандық Арджун Эригайсиді қара фигуралармен ойнап жеңді.

Бибісара Асаубаева мансабындағы ең қауіпті қарсыласын ұтты
instagram.com/bibisarachess

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде үндістандық Арджун Эригайсиді жеңді. Бұл жеңіс классикалық уақыт бақылауындағы мансабында қарсыласының рейтингі ең жоғары болған партия ретінде тіркелді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.

Топтық кезеңнің екінші турында жылдам классика форматында өткен кездесуде Асаубаева қара фигуралармен ойнады. Ол шағын матчтың алғашқы партиясында қарсыласынан басым түсті.

Кездесу кезінде Эригайсидің рейтингі 2746 ұпай болған. Ол FIDE рейтингінде 12-орында тұрған. Бұған дейін Бибісара классикалық форматта рейтингі 2700-ден асатын элиталық шахматшыларды жеңіп көрмеген. Оның осыған дейінгі ең жоғары көрсеткіші рейтингі 2691 болған Санан Сюгировты жеңуі еді.

Алайда Будапешттегі турнир қазақстандық спортшы үшін сәтсіз басталған. 10 қарашада өткен блиц-турнирде ол қатарынан сегіз партияда жеңіліп, бар болғаны 0,5 ұпай жинаған. Нәтижесінде 24 қатысушының арасында соңғы орынға тұрақтады.

Дегенмен топтық кезеңде Асаубаева ойын өрнегін өзгерте алды. Бірінші раундта ол АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі партияда да тең түскен.

Материал авторы