106

Nvidia бұрынғы басшысының үшінші сүйіктісі туралы ақпарат тарады

Бұған дейін Хуангтың компаниядағы екі әйелмен байланысы туралы ақпарат тараған еді, ал жаңа жарияланымда үшінші қызметкер туралы айтылды.

Nvidia бұрынғы басшысының үшінші сүйіктісі туралы ақпарат тарады
global.mediafine.co.kr

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Nvidia компаниясының қызметінен кеткен басшысы Дженсен Хуангтың компаниядағы тағы бір қызметкермен қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл – миллиардердің атына қатысты жария болған үшінші байланыс. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Reuters мәліметінше, агенттікке жағдайдан хабардар екі дереккөз Хуангтың тағы бір қызметкермен романтикалық қарым-қатынаста болғанын айтқан. Алайда оның есімі жарияланбады. Агенттік ол әйелмен байланыса алмаған. Nvidia компаниясы түсініктеме беруден бас тартқан. Хуангтың өзі, компанияның вице-президенті Кимберли Пауэлл және директорлар кеңесінің өкілі де сауалдарға жауап бермеген.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Хуангтың Элис Хуангпен және Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен қарым-қатынасы туралы жазған. Элис Хуангты АҚШ барлау қызметі Қытай мүддесіне жұмыс істеді деген күдікпен қарастырып жатқаны хабарланған. Басылымның жазуынша, дәл осы екі қарым-қатынас туралы ақпарат Хуангтың бейсенбі күні қызметінен кетуіне себеп болған.

8 қарашада Дженсен Хуанг жұбайына опасыздық жасағанын көпшілік алдында мойындаған. Алайда ол кезде Элис Хуангтың есімін атамаған. Кейін оның аты аталған жарияланымдардан соң 63 жастағы басшының қызметтен кетуін талап еткендер көбейген.

Ай басында Nvidia директорлар кеңесі Хуангтың шетелдік барлау операциясының нысанасына айналған-айналмағанын тексеруге кіріскен. Тергеуді кеңестің тәуелсіз мүшелері басқарған, оған сыртқы заңгерлер де тартылған. Соған қарамастан, тексеру басталған кезде директорлар кеңесі Хуангқа қолдау білдірген еді.

Компания жаңа бас директорды іздестіріп жатқанда, оның міндетін қаржы директоры Колетт Кресс уақытша атқарады. Бұл қызметке Nvidia ішіндегі және сыртындағы үміткерлер қарастырылып жатыр.

Дженсен Хуанг жасанды интеллект индустриясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі саналады. Оның компания басшылығынан кетуі технология саласына әсер етуі мүмкін. Nvidia осы уақытқа дейін бұл бағытқа қомақты қаржы құйып, бұлтты технология провайдерлері мен жасанды интеллект зертханаларын қолдаған. Сондай-ақ компания клиенттерінің өз чиптерін сатып алуына мүмкіндік беретін күрделі қаржыландыру тетіктерін қалыптастырған.

Хуангтың қызметтен кеткені туралы жаңалықтар аясында бейсенбі күні Nvidia акциялары 5,5 пайызға арзандаған. Қазан айының басындағы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда компания бағалы қағаздарының құны 30 пайыздан астам төмендеген.

Бұған дейін АҚШ Конгресі Nvidia басшысын Қытайдың ықтимал тыңшысымен байланысы туралы ақпаратқа байланысты тыңдауға шақырғаны хабарланған. 

Материал авторы