246

«Ауызашар» мен «сәресі»: ҚМДБ араб сөздерінің орнына қазақша баламаларды ұсынды

Басқарма «ахи», «ухти», «брат», «сестра» сөздерінің орнына «бауырым», «ағам», «әпкем», «қарындасым» деген қаратпа сөздерді айтуды ұсынды.

«Ауызашар» мен «сәресі»: ҚМДБ араб сөздерінің орнына қазақша баламаларды ұсынды
shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни ұғымдарды күнделікті қолданыста қазақ тіліндегі қалыптасқан атаулармен жеткізуге шақырды. Атап айтқанда, «ифтар» сөзінің орнына «ауызашар», ал «сухур» сөзінің орнына «сәресі» деген атауларды қолдану ұсынылды. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі жазды.

Діни басқарма мәліметінше, осы аптада Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X съезінде қазақ тілін дамытуға қатысты маңызды мәселелерді көтерген. Президент дінге қатысты төл сөздер бола тұра, араб тілінен енген атаулардың жиі қолданылатынына назар аударған.

Осыған байланысты ҚМДБ діни рәсімдердегі тілдің орны мен күнделікті қарым-қатынастағы қолданысын ажырата білу қажет екенін атап өтті. Басқарма Құран аяттарын оқу, намаздағы дұғалар мен зікірлерді араб тілінде айту құлшылық тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін еске салды. Ал күнделікті әңгімеде ойды қазақ тілінде анық әрі түсінікті жеткізіп, қалыптасқан төл атауларды орнымен қолдану маңызды.

Мәселен, «ифтар» және «сухур» ұғымдарының қазақ тілінде бұрыннан келе жатқан «ауызашар» және «сәресі» деген баламалары бар. ҚМДБ өкілдері бұл сөздердің халықтың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқанын айтады. «Ауызашарға келіңіз» немесе «Сәресіге тұрайық» деген тіркестерді аға буын да, жастар да жақсы түсінеді.

Сондай-ақ діни басқарма бес уақыт намаздың қазақша атауларын да кеңінен қолдануға шақырды. Олар: «таң», «бесін», «екінті», «ақшам» және «құптан». Бұл атаулар қазақ халқының діни өмірінде бұрыннан орныққан әрі көпшілікке түсінікті.

Бұдан бөлек, ҚМДБ кей адамдардың бір-біріне «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» деп тіл қататынына назар аударды. Басқарма мұндай жағдайда «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» сияқты қазақша сөздерді қолданған жөн деп санайды. Өйткені мұндай қаратпа сөздер жақындық пен сыйластықты білдіріп қана қоймай, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға негізделген ұлттық дәстүрді де сақтауға ықпал етеді.

Діни басқарма ата-бабамыз рухани-адамгершілік құндылықтарды кейінгі ұрпаққа ана тілінде жеткізе білгенін де еске салды. «Аманатқа қиянат жасама», «Кісі ақысын жеме», «Обал болады», «Сауап болады» деген нақыл сөздер арқылы балаларды адалдыққа, жауапкершілікке және мейірімділікке тәрбиелеген.

ҚМДБ өкілдерінің пікірінше, осы рухани мұраны қазіргі ұрпаққа жеткізу үшін мұндай сөздердің мағынасын ашып, күнделікті өмірден мысал келтіре отырып түсіндіру қажет.

Материал авторы