«Чемодандарды қағып алу керек еді»: «Барыс» бапкері Жақыповтың ұсталуына қатысты әзілдеді
Бапкер «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталғанынан кейін клубтың қаржыландыруына алаңдаушылық білдірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Барыс» хоккей клубының бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты сұраққа әзілмен жауап берді. Журналистер одан бұл жағдайдың команда ішінде талқыланған-талқыланбағанын және клубтың қаржыландырылуына әсері болуы мүмкін бе деп сұраған. Бұл туралы Sports24kz басылымы жазды.
БАҚ өкілдері Кравецке «Барыс» «Адмирал» командасын 4:2 есебімен жеңгеннен кейін сұрақ қойған. Айта кетейік, клубтың қаржыландыруы «Самұрық-Қазына» қорының қаражатына байланысты.
Бапкердің айтуынша, команда бұл жағдайдан ойынға аз уақыт қалғанда ғана хабардар болған. Ол Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңында ақша салынған чемодандар лақтырылғаны туралы тараған видеоға әзілмен тоқталды.
«Ең алдымен, біз мұнда не болып жатқанынан хабарсыз болдық. Егер білгенімізде, чемодандар лақтырылған жерге бәріміз барып, оларды ұстап алуға тырысар ма едік, бәлкім, сол дұрыс болар еді. Ал біз жаттығуға кеттік, сәл басқа жаққа барыппыз. Маған бұл туралы ойын алдында айтты. Сонда мен: “Біз басқа іспен айналысып жүр екенбіз, чемодандарды ұстау керек еді”, – дедім. Бәрі жақсы болады, демеушілеріміз болады және “Барыстың” жағдайы да алдағы уақытта жақсы болады деп үміттенемін», – деді Кравец.
Сондай-ақ ол клуб үшін демеушілер мен жанкүйерлер қолдауының маңызын атап өтті. Бапкердің сөзінше, қаржыландыру тек команданың өзіне ғана емес, ойынға келіп, хоккей тамашалайтын жанкүйерлерге де қатысты.
«Демеушілердің қолдауы қажет деп ойлаймын. Ең бастысы, бұл қолдау тек командаға ғана емес. Команда болғандықтан, белгілі бір деңгейде ойын көрсеткендіктен, адамдар да ләззат алады. Бұл қаражат тек хоккейшілерге емес, матчқа осынша жанкүйердің келуіне де жұмсалады. Оларға алғысым шексіз. Бүгін жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Жанкүйерлер тағы да жағымды эмоция алды», – деді бас бапкер.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отынышевтің ұсталғанын растаған.
Осы оқиғалардан кейін Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында терезеден ақшаға ұқсас купюралар салынған чемодан лақтырылғаны туралы видео тарады. Алайда бұл кадрлардың аталған тұлғалардың ұсталуына тікелей қатысы бары ресми түрде расталған жоқ.
Материал авторы