«Алты күннен бері үйге келмеді»: танымал жайдарманшы әйелінің шағымына жауап берді
Әйел күйеуінің алты күн бойы үйге келмегенін айтып, үш баласымен баспанадан кетпейтінін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Миллион» жайдарман командасы арқылы танылған әзілкеш Мансар Орынханның жұбайы Нұрайым Халила күйеуінің алты күн бойы үйге оралмағанын және өзін барлық байланыс арнасынан бұғаттап тастағанын мәлімдеді. Ал өнер иесі отбасын сақтап қалу үшін бар күшін салып жүргенін айтып, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік шешілгенін жеткізді.
Нұрайым Халила Instagram парақшасындағы Stories бөлімінде отбасындағы жағдайға қатысты жазба жариялаған. Оның айтуынша, күйеуінің үйге келмей, хабарсыз кетуі алғаш рет болып отырған жоқ.
«Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Және бұл бірінші рет емес! Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әзілкештің жұбайы үш баласымен бірге баспанасыз қалғысы келмейтінін айтып, өзі тұрып жатқан үйден кетпейтінін мәлімдеді.
«Қазір өзіне айтарым біреу: егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да», – деді Нұрайым Халила.
Жұбайының жазбасынан кейін Мансар Орынхан Threads желісінде өз ұстанымын білдірді. Ол ешбір отбасының шаңырағы шайқалмауын тілеп, өзі үшін ең қымбат байлық – отбасы екенін атап өтті.
«Ешқандай отбасы ажыраспасын, балалар жетім қалмасын! Алладан тек соны тілеймін. Менің ең үлкен байлығым – менің отбасым. Оны дәлелдемесем де, бәрі белгілі. Менің отбасыма менен артық ешкімнің жаны ашымайды және жақсы көрмейді», – деп жазды әзілкеш.
Сонымен қатар ол кейбір адамдарды әйелін өзіне қарсы айдап салып жүр деп айыптады. Өнер иесінің сөзінше, отбасын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
«Әйелімді маған қарсы айдап салып жатқан кейбір адамдар, қандай жиіркенішті едіңдер! Мен отбасымды сақтап қалу үшін барлығын жасаймын. Жасап та жүрмін!» – деді Мансар Орынхан.
Әзілкеш өзін ақша мен атақ өзгертті деген пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, күндіз-түні еңбек етуінің басты себебі – отбасына жағдай жасау. Сондай-ақ ол жұбайымен арадағы келіспеушіліктің реттелгенін мәлімдеді.
«Бізде барлығы дұрыс. Қазір барлығы шешілді. Әйел адам ашуланады, ренжиді. Кейбір адамдар Мансарды ақша өзгертті деп жазған. Бірақ менің күндіз-түні еңбек етуімнің себебі де – отбасым. Әзіл саласында жүрсем де, ақымақ адам емеспін. Жастар арасында барлығы болады», – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мансар Орынханның Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде сайлауға қатысатыны хабарланған еді. Өнер иесі мәдениет пен өнерді қолдау, спортты дамыту және жастардың әлеуетін арттыру мәселелеріне басымдық беруді көздейтінін мәлімдеген.
Материал авторы